Көнерген сөздер – тарихи шығармаларда ғана кездескен, қолданыстан шыққан, мағынасы көмескі сөздер. Көнерген сөздер екіге бөлінеді: 1) архаизмдер; 2) тарихи сөздер.
Архаизмдер – халықтың салт-санасына, тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына байланысты қолданылатын, әр дәуірде өзгеріп басқа сөздермен ауысып отыратын ескірген сөздер. Архаизмдерге мынандай сөздер жатады:
– мата атаулары: патсайы, торқа, биқасап, дүрия, т.б.
– әдет-ғұрып атаулары: сауын айту, бесік құда, ұрын бару, т.б.
– үй тұрмысына қатысты атаулар: жаппа, әбдіре, шидем, лашық, саптыаяқ, кебеже, күпі, шекпен, сәукеле, т.б.
Тарихи сөздер – ескі заманда қолданылған тарихи сөздер атауы. Тарихи сөздер бірнеше қатарға бөлінеді:
– ел басқаруға байланысты атаулар: хан, патша, уәзір, би, ағасұлтан, болыс, ауылнай, сұлтан, қожа, т.б.
– пайдаланудан шығып қалған қару-жарақ атаулары: садақ, жебе, сауыт, айбалта, найза, адырна, т.б.
– кеңес дәуірі тұсында қолданылған әкімшілік сөздер: қызыл әскер, қызыл отау, т.б.
Тілімізде қайтадан жаңарған көнерген сөздер де кездеседі. Оларға:
– діни ұғым атаулары: имам, жаназа, мешіт, жайнамаз, ораза, т.б.
– жыл атаулары: барыс, ұлу, тышқан, сиыр т.б.
– ай атаулары: қаңтар, сәуір, мамыр, т.б.
Тілімізде жаңа ұғым аттарын білдіретін жаңа сөздер де бар. Олар ғылыми тілде неологизм деп аталады. Жаңадан енген сөздер тілге сіңісіп, халыққа танымал болған соң жаңа сөз болудан қалады да, орнын оның баламасы ауыстырады. Мысалы, процесс – үдеріс, резервуар – сұйыққойма, парк – саябақ, теплица – жылыжай, пенсия – зейнетақы, телеграмма – жеделхат, класс – сынып, т.б.
Қазақ тілінің мәртебесінің өсуіне орай соңғы жылдары тілімізге көптеген жаңа сөздер – неологизмдер енді. Мысалы, орамжапырақ, қызанақ, жасуша, қожалық, жылыжай, т.б.
Сөздердің тіркесуі арқылы да жаңа сөздер жасалады. Мысалы, жердің жасанды серігі, ғарыш айлағы, жер серігі, халықаралық қауымдастық, т.б.